Павлодар облысында пробация қызметкері жолда қалған жүргізушіге жедел көмек берді
Павлодар облысында пробация қызметкері жолда қалған жүргізушіге жедел көмек берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Горняк–Екібастұз тас жолында Екібастұз қаласының пробация қызметінің инспекторы қолайсыз ауа райында жолда қиын жағдайға тап болған азаматқа көмек көрсетті.
Сол күні жолдағы көріну деңгейі қатты жел мен қар үйінділерінің салдарынан өте төмен болды. Осындай жағдайда Екібастұз қаласының тұрғыны жолда қиын жағдайға тап болды: оның көлігі трассаның дәл ортасында сөніп қалып, қатты аязда қозғалтқышты қайта іске қосу әрекеттері нәтиже бермеді.
Осы сәтте жолдан өтіп бара жатқан Екібастұз қаласының пробация қызметінің инспекторы тоқтап тұрған көлікті байқап, көмек қажет пе екенін білу үшін тоқтайды. Жағдайды бағалай отырып, қызметкер техникалық көмек көрсетіп, көліктің негізгі тораптарын тексеріп, оны жақын маңдағы қауіпсіз жерге дейін сүйреп апаруға көмектесті.
Инспектордың айтуынша, мұндай жағдайда жолда бейжай өтіп кетуге болмайды.
«Мұндай ауа райында жолда қиындыққа тап болған адамды көріп, өтіп кету дұрыс емес. Бүгін сен көмектессең, ертең саған да көмектеседі. Бұл – біздің өңірдегі жолдың жазылмаған заңы», – деп қарапайым түрде атап өтті қызметкер.
Көмек көрсетілген азамат өз алғысын білдірді. Жүргізушінің айтуынша, аяз бен боранда әр минут қымбат, ал инспектордың дер кезінде көрсеткен көмегі көліктің ұзақ уақыт бұзылып тұруынан ғана емес, қатты суықта тоңып қалу қаупінен де құтқарған.
Осындай әрекеттер қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері тек өз қызметтік міндеттерін орындап қана қоймай, қиын жағдайда қалған адамдарға әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
