"Құқықтық тәртіп" ЖПІШ: көлік полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда
"Құқықтық тәртіп" ЖПІШ: көлік полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Құқықтық тәртіп" ЖПІШ-ның бірінші күні көлік полицейлері 200-ден аса құқық бұзушылықты анықтады Осы жылдың 10–13 наурызы аралығында көліктегі полиция департаменті мен оның желілік бөліністерінің қызмет көрсету аумағында республикалық "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
– Аталған іс-шараның бірінші күні 6 қылмыс пен қылмыстық теріс қылық тіркеліп, олардың барлығы "ізін суытпай" ашылды. Сонымен қатар, мемлекетаралық іздеуде жүрген 4 қылмыскер ұсталды, – деді Көліктегі ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Марат Дубаев.
Оның айтуынша, іс-шара барысында көлік полицейлері 207 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған 17 шетелдік ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Құжаттары жоқ және тұрақты мекенжайы анықталмаған 12 адам қабылдау-тарату орындарына жеткізілді.
Бұған қоса, тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көлік нысандарында жүрген кәмелетке толмаған 23 жасөспірім анықталды, олардың 9-ы арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды. М. Дубаев іс-шарға Кинологиялық қызмет орталығының инспекторлары жұмылдырылып, көлік объектілерінде қызметтік-іздестіру иттерімен патрульдеу жүргізілгендігін атап өтті.
– Қазіргі уақытта еліміздің барлық әуе және теміржол көлігі нысандары, сондай-ақ жолаушылар пойыздарының келу-кету кезі мен жол жүру барысы тексерілуде, – деді ол.
Полиция қызметкерлерінің негізгі міндеті – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ қылмыспен күресу және елдегі құқықтық тәртіпті нығайту.
