Павлодарда студенттерге есірткі қылмысының салдары түсіндірілді
Іс-шараны Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық ҚАЖ қызметкерлерімен бірігіп ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында қатысушыларға жастарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың қазіргі тәсілдері, сондай-ақ мұндай әрекеттерге қатысудың құқықтық салдары туралы айтылды. Әсіресе есірткі құралдарын таратудың "жасырын орындарға қалдыру" деп аталатын тәсіліне ерекше назар аударылды.
Семинар барысында оңай табыс табамын деп жаза басқан жас жігіт студенттерге өзінің оқиғасын, өкінішін айтып берді. Семинарға бейнебайланыс арқылы қосылған ол жастарды заң мен тәртіпті сақтауға, теріс жолға түспеуге шақырды.
— Қылмыстық топтар жастарды есірткінің заңсыз айналымына тарту үшін интернет пен әлеуметтік желілерді белсенді қолданады. Жастарға тез әрі оңай табыс табу уәде етіледі, алайда іс жүзінде бұл қылмыстық жауапкершілікке және нақты бас бостандығынан айыру жазасына әкеледі. Біздің міндетіміз – жастарға шындықты жеткізіп, мұндай шешімдердің салдары туралы алдын ала ескерту, — деп атап өтті Павлодар облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Тимиргалиева.
