Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда полицейлер медицина қызметкерлерімен кездесті

Екібастұзда полиция қызметкерлері медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерімен профилактикалық кездесу ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлер медицина қызметкерлеріне банк шоттарынан ақша ұрлау үшін киберқылмыскерлер қолданатын заманауи алаяқтық схемаларын егжей-тегжейлі түсіндірді. Әсіресе, өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстыратын алаяқтардың әлеуметтік инженерия әдістеріне ерекше назар аударылды.

— Мұндай шаралардың мақсаты — азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Біз адамдарды алаяқтардың айла-тәсілдерін тануға үйретіп, ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстар санын азайтуды көздейміз, — деп атап өтті Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.

Кездесу барысында медицина қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген соңғы өзгерістер де түсіндірілді. Атап айтқанда, IT-технологияларды пайдаланып жасалған алаяқтық үшін жауапкершіліктің күшейтілгені айтылды.

Сонымен қатар жедел шақыртуларға шыққанда медицина қызметкерлерінің жеке қауіпсіздігі мәселесі де қозғалды. Полиция өкілдері қызметтік міндетін атқарып жүрген адамдарға қарсы күш қолдану немесе қорқыту заңмен қатаң жазаланатынын еске салды.

Медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіретін немесе олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген заңсыз әрекет үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған. Полиция жедел жәрдем қызметкерлерін кез келген агрессия немесе қауіп-қатер жағдайларын дереу хабарлауға шақырады.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру