Цифрлық бақылау мен қоғам бірлестігі: Алматыда қылмыс саны азайды
Алматыда 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі бағыттарда қылмыс деңгейі төмендегені байқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов мәлімдеді.
Оның айтуынша, құқық бұзушылықтар саны 11,9%, қылмыстар саны 11,8% азайған. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар 3,8% төмендеген.
– Бұл – полиция мен қоғамның бірлескен жүйелі жұмысының нәтижесі. Қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет, – деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.
Сондай-ақ кісі өлтіру, қарақшылық, тонау және ұрлық сияқты қылмыс түрлері бойынша да төмендеу тіркелген. Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі – цифрландыру. Бүгінде Алматы қаласында 186 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 66 мыңнан астамы жедел басқару орталығына қосылған. Олардың көмегімен шамамен 1,5 мың қылмыс ашылып, 9 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
– Камералар – жазалау құралы емес, ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алу мен азаматтарды қорғаудың тиімді тетігі, – деп атап өтті департамент басшысы.
Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Мектептер мен балабақшаларда 17 мыңнан астам камера орнатылған, ал мемлекеттік білім беру ұйымдары 100% полициямен байланысқан дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар заманауи технологиялар енгізілуде: 15 мыңнан астам камерада жасанды интеллект элементтері қолданылуда. Қоғамдық орындарды бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында дрондар да пайдаланылып, нақты уақыт режимінде патрульдеу жүргізілуде. Бұдан бөлек, ойын-сауық орындарына бақылау күшейтілді. Соңғы екі айда 13 құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде бұзақылық және денсаулыққа зиян келтіру фактілері тіркелген.
Полиция мәліметінше, құқық бұзушылықтар тіркелген бірқатар нысанның қызметі уақытша тоқтатылып, 845-тен астам кәсіпкерлік субъектісі жауапкершілікке тартылған.
– Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматтың өзін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз ету, – деп түйіндеді Айдын Кабдулдинов.
