Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Антына берік қызметкер: Айнұр Қайратқызының әділет жолындағы еңбегі

Ішкі істер органдарында ер азаматтармен қатар елге адал қызмет етіп жүрген нәзік жандылар аз емес. Солардың бірі – антына адал, мамандығын шексіз сүйетін әділет капитаны Айнұр  Абдрашитова, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жауапкершілігі жоғары, қиын әрі қызықты саланы таңдағанына Айнұр еш өкінбейді. Қылмыстық-атқару жүйесінде еңбек етіп жүргеніне бүгінге дейін он жылға жуық уақыт болды. Қазіргі таңда ол Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде сотталған азаматтарды бостандыққа дайындау бағытында табанды еңбек етуде.

Еңбек жолын ЗК-169/5 (№60 мекеме) мекемесінде мемлекеттік тілде іс жүргізуші болып бастаған жас маман мекеменің тыныс-тіршілігін БАҚ арқылы жариялап отырды. Алғашқы мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, мақала жазу мен мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру оған қиындық туғызбады, керісінше, шабыт сыйлады. Заңгерлік білім алған соң, погон тағып, нысанды киім киюді армандадым дейді.

Бүгінде Айнұр Қайратқызы жазасын өтеушілермен тәрбиелік мәні бар іс-шараларды тұрақты өткізіп келеді. Оның басты мақсаты – сотталған азаматтардың жаза мерзімін өтегеннен кейін қоғамға бейімделіп, өз орнын табуына көмектесу.

– Адам бостандықтың қадірін осында келгенде түсінеді, – дейді ол.

Мекемеден босап шыққан азаматтарды жолға шығару да – жауапты міндеттің бірі. Оларға мекеме әкімшілігі жолақы беріп, автобус не пойызға отырғызады. Осындай қамқорлыққа ие болған азаматтар өз алғыстарын білдіреді.

Қызмет барысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісуді де ұмытпайтын Айнұр жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, білгенін үйретуден жалықпайды. Әрине, қызмет жолында түрлі қиындықтар кездеседі. Дегенмен, ол өз таңдаған кәсібіне адал болып, антына берік қалуды басты парызым деп біледі.

Отбасы мен қызметті қатар алып жүрген жан үшін ең үлкен тірек – түсіністік. Жолдасының қолдауы Айнұрға үлкен күш береді. Қызмет барысында жазасын өтеушілермен жеке қабылдаулар өткізіп, олардың мәселелерін тыңдап, құқықтық әрі психологиялық көмек көрсетеді.

Антына берік, ісіне жауапты Айнұр Қайратқызының алар асуы әлі алда. Еліне адал қызмет етіп жүрген ол басшылық тарапынан да еленіп, марапат төрінен көрініп жүр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру