Таразда “Полиция барысы – 2026” және қазақ күресінен чемпионат басталды
Бүгін Тараз қаласында Ж.Үшкемпіров атындағы "Тараз-Арена" спорт сарайында ҚР Ішкі істер министрлігі қызметкерлері арасында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты және "Полиция барысы – 2026" республикалық турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауқымды спорттық іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен құқық қорғау органдары қызметкерлерінен құралған 26 команда 300-ге жуық үздік спортшылары қатысуда. Турнир ұлттық спортты дамытуға және қызметкерлердің кәсіби әрі физикалық даярлығын арттыруға бағытталған.

Жарыстың ашылу салтанатында Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Қазақ күресі – халқымыздың рухы мен күшін айшықтайтын ұлттық спорт. Бүгінгі дода – тек жеңіс үшін күрес қана емес, сонымен қатар әріптестер арасындағы бірлік пен бауырластықтың көрінісі. Баршаңызға әділ күрес пен жоғары нәтижелер тілеймін, – деді Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев.
Бағдарламаға сәйкес, бүгін жарыстың алғашқы белдесулері басталып, алдағы күндері тартысты финалдық кездесулер ұйымдастырылады. Жарыстың бас төрешісі – халықаралық дәрежедегі төреші Мұхамедғалиев Руслан.

Сайыс 3 сәуір күні өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсімі өткізіледі.
Аталған іс-шара құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қазақ күресін кеңінен дамытуға өз үлесін қоспақ.
