ҚАЖ қызметкерлері тыйым салынған затты мекеме аумағына жеткізу әрекетінің жолын кесті
Қазақстан Республикасы ІІМ ҚАЖК №63 мекемесінің тексеру тобы қызметкерлері тыйым салынған затты мекеме аумағына жеткізу әрекетінің жолын кесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Сәлемдемелерді қабылдау бөлмесінде азық-түлік жеткізілімін мұқият тексеру барысында қызметкерлердің назарын нан аударды. Нанды қарау кезінде оның ішінен жұмысқа жарамды телефон анықталып, тәркіленді.
Аталған дерек бойынша қызметтік тексеру басталды. Тыйым салынған затты жеткізуге әрекет жасаған тұлға анықталды. Оған қатысты жауапқа тарту үшін материалдар жиналуда.
Түсіндіру жұмыстарының тұрақты жүргізілуіне қарамастан, кейбір азаматтар сотталғандарға байланыс құралдарын жеткізу үшін түрлі айла-тәсілдерді қолдануды жалғастыруда. Дегенмен, қызметкерлердің қырағылығы мен мекеменің техникалық мүмкіндіктері мұндай әрекеттерді тексеру барысында дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
№63 мекемесінің әкімшілігі тыйым салынған заттарды, атап айтқанда байланыс құралдарын, спирттік ішімдіктер мен есірткі заттарын жеткізу әрекеті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
