Петропавлда полицейлер кәсіби дағдыларын шыңдауға бағытталған ерекше форматтағы квестке қатысты
Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері кәсіби дағдыларын шыңдауға бағытталған ерекше форматтағы квестке қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласының көшелерінде кезекшілік пен патруль қызметіне тартылмаған полиция қызметкерлері үшін "Заң және тәртіп" тақырыбында квест ұйымдастырылды.

Іс-шараға қатысушылар 7 адамнан құралған 6 командаға бөлініп, түрлі кезеңдер бойынша өзара бақ сынасты. Квест барысында олар алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шеккендерді тасымалдау дағдыларын көрсетіп, заңнамаға қатысты блиц-сұрақтарға жауап берді және қылмыстық бағыттағы логикалық тапсырмаларды орындады.
Тапсырмалардың бірінде қатысушылар адам көп жиналған ортада ықтимал құқық бұзушыны анықтауы тиіс болса, тағы бір кезеңде әртүрлі заттардың ішінен қылмыстық әрекетке қатысы бар дәлелдерді табу талап етілді. Сонымен қатар жылдам шешім қабылдау, жедел әрекет ету және командалық үйлесімділікті қажет ететін кезеңдер де қамтылды.

Қатысушылардың нәтижелері тапсырмаларды орындау жылдамдығы мен дәлдігіне қарай бағаланды.
Квестке әртүрлі бөлімшелердің қызметкерлері қатысып, өздерінің кәсіби білімі мен тәжірибесін, командада жұмыс істеу қабілетін және тосын жағдайда дұрыс бағдарлана білу деңгейін көрсетті.
Іс-шара қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар дипломдармен марапатталса, өзге қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.

Аталған шараны "Демеу" үкіметтік емес ұйымының мамандары, Солтүстік Қазақстан облысының аналар кеңесі және облыстық полиция департаментінің психологтары бірлесіп ұйымдастырды.
