Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында тергеу ардагерлері мен үздік қызметкерлер марапатталды

Павлодар облысында тергеу ардагерлері мен үздік қызметкерлер марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінде тергеу бөлімшелерінің құрылған күніне орай салтанатты іс-шара өтті.

Тергеу қызметінің негізі 1963 жылғы 6 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен қаланды. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін тергеу органдары бірнеше құрылымдық өзгерістерді бастан өткеріп, қызметінің негізгі бағыттарын айқындап отырды. Дегенмен, қандай өзгерістер болса да, оның басты қағидасы – қызметке адалдық – өзгеріссіз қалды. Бүгінде тергеу органдары халық алдындағы жауапты міндетін абыроймен атқарып келеді.

Дәстүрге сай жыл сайын полиция ведомствосында тергеу ардагерлері мен үздік қызметкерлерге құрмет көрсетіледі. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, департамент басшылығы тергеу бөлімшелері қызметкерлерін марапаттау туралы бұйрық шығарды.

Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейсов өз сөзінде жас буынға үлкен үміт артылатынын атап өтті:

– Жаңа буын өкілдерінің алдында ауқымды міндеттер тұр. Сіздер уақыт сынынан өткен озық дәстүрлер мен тергеу тәсілдерін жетілдіріп, оларды одан әрі дамытады деп сенемін. Тергеушінің басты қасиеттері – адамгершілік, заң мен халық алдындағы жауапкершілік, – деді ол.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін Павлодар ауданы полиция бөлімінің аға тергеушісі Ертлек Жартыбаевқа кезектен тыс полиция подполковнигі арнайы атағы берілді.

Солтүстік полиция бөлімі бастығының орынбасары Марина Пугач "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды. Щербакты ауданы полиция бөлімінің тергеушісі Анастасия Сахипова "Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгісіне ие болды. Ал Екібастұз қалалық полиция басқармасының тергеушісі Алмас Қазкен Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сонымен қатар осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша бірқатар тергеушілер қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін департамент бастығының бұйрығымен көтермеленді.

Ардагерлер ұйымының жұмысына қосқан үлесі, жас тергеушілерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу және кәсіби шеберлікті арттырудағы еңбегі үшін ішкі істер органдарының ардагерлері Ертогай Әбікеев, Бақберді Абраев, Владимир Вязнюк, Нұрлан Шакиров, Берік Мұқашев, Құнанбай Садетов және Арман Исатаев Алғыс хаттармен марапатталды.

Павлодар облысы ІІО Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Бақберді Абраев жиналғандарға ізгі тілегін білдірді:

– Баршаңызға зор денсаулық тілеймін. Жеткен жетістіктеріңізбен шектелмей, үнемі ізденіп, білім алып, жаңашылдыққа ұмтылыңыздар. Кемелденудің шегі жоқ, – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру