Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде ҚАЖ қызметкерлері оқушыларға арналған профилактикалық телемост ұйымдастырды

Абай облысында қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінің қызметкерлері “Заң мен тәртіп” идеологиясын насихаттау және жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Семей қаласындағы орта мектептердің бірінің жоғары сынып оқушыларымен телемост өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, заңға құрметпен қарауды қалыптастыру, сондай-ақ заңсыз әрекеттердің салдарын нақты көрсету болды.

Кездесу барысында есірткі заттарын заңсыз өткізгені үшін жазасын өтеп жатқан сотталған азамат онлайн форматта оқушыларға өзінің өмір жолы туралы айтып берді. Ол бастапқыда болған жағдайды уақытша қиындық ретінде қабылдағанын, алайда тәуелділік пен оңай табысқа ұмтылу оның өмірін түбегейлі өзгерткенін — еркіндігінен айырылып, отбасымен байланысы үзіліп, қоғамнан оқшауланғанын ашық жеткізді.

Әсіресе, 35 жастағы есірткі заттарын заңсыз өткізгені үшін 22 жылға бас бостандығынан айырылған азаматтың жеке оқиғасы оқушыларға ерекше әсер қалдырды.

— Білімім мен тұрақты жұмысым болмағандықтан, кездейсоқ жұмыстар істедім. Уақыт өте келе тез әрі оңай табыс ұсынған адамдармен таныстым. Ал шын мәнінде бұл есірткі таратумен байланысты болды. Бір жылға жуық осы іспен айналыстым, кейін ұсталдым. Осында отырып көп нәрсені қайта ой елегінен өткіздім. Әрқашан заңды бұзбай, адал жолмен табыс табуға болатынын түсіндім. Қазір жазамды өтеп жатқаныма сегіз жыл болды. Жұбайым мен екі қызым бар. Жастарға айтарым: оңай ақша үшін өмірлеріңізді құртпаңыздар. Ондай ақша болмайды. Еркіндіктің қадірін біліңіздер, жақындарыңызды бағалаңыздар және адал жолды таңдаңыздар, — деді сотталған азамат.

— Мұндай іс-шараларды өткізу – алдын алу жұмысының маңызды бөлігі. Сотталғандармен тікелей қарым-қатынас жастарға құрғақ теориядан әлдеқайда күшті әсер етеді. Мұндай кездесулер құқықтық сананы қалыптастыруға, жасөспірімдердің заңсыз әрекеттердің салдарын түсінуіне және заңға бағынатын мінез-құлықты таңдауға көмектеседі, — деді сотталғандармен тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ермек Рахимов.

Өткізілген телемост тиімді профилактикалық шара болып, жастарға заңды сақтау мен өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қараудың маңызын жеткізуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру