Павлодарда полиция қызметкерлері оқушыларға буллинг туралы түсіндірді
Павлодарда полиция қызметкерлері оқушыларға буллинг туралы кеңінен айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласы полиция басқармасының ювеналдық полиция аға инспекторы Гаухар Рахимғожина сөзінше, профилактикалық дәріс барысында оқушыларға құқық бұзушылықтың салдары жан-жақты түсіндіріледі. Әсіресе, қатарластарын жүйелі түрде қорлаған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылатыны нақты айтылады.
– Егер сен жәбірленуші болсаң немесе осындай жағдайға куә болсаң, немқұрайлы қалмау маңызды. Қайда жүгіну керек, қалай әрекет ету қажет – біз соны түсіндіреміз. Сонымен қатар кибербуллингке ерекше назар аударамыз. Жасөспірімдерге әлеуметтік желілер мен чаттардағы қорлау сөздер оңай анықталып, сотта дәлел ретінде пайдаланылатыны ескертіледі, – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, мұндай дәрісті өткізудегі басты мақсат – әркім өзін қауіпсіз сезінетін, өзара құрметке негізделген орта қалыптастыру. Өйткені мұндай жағдайда бейжай қалу – ең қауіпті әрекеттердің бірі.
Полиция ескертеді: кәмелетке толмағандардың іс-әрекетіне ең алдымен ересектер жауапты. Осыған байланысты өңір мектептерінде профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.
