Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді

Жыл басынан бері Ұлттық ұлан әскери қызметшілері 3357 құқық бұзушыны ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы әскери қызметшілері 3357 құқық бұзушыны ұстап, оларды ішкі істер органдарына тапсырды. Олардың 71-інде қылмыс белгілері анықталған.

Ұландықтар күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қызмет атқарады. Есепті кезеңде олар патрульдік-пост қызметі бойынша 839 тапсырманы орындап, республика аумағында өткен 99 қоғамдық-саяси және бұқаралық іс-шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Қызмет барысында заңсыз айналымнан 28 қару тәркіленіп, есірткі заттарына қатысты 10 дерек тіркелді.

Сонымен қатар Ұлттық ұлан бөлімшелері қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету және сотталғандарды айдауылдау міндеттерін атқарады. Қазіргі уақытта 39 ҚАЖ мекемесі мен бір өндірістік нысан күзетке алынған. Айдауылдау 35 бағыт бойынша жүзеге асырылады және түрлі деңгейдегі сот отырыстарының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Жыл басынан бері тыйым салынған заттарды өткізу мен жеткізудің 61 әрекетінің жолы кесілді. Нәтижесінде 29 ұялы телефон, 10 SIM-карта және жалпы салмағы 101,28 грамм есірткі заттары тәркіленді.

Үш ай ішінде 60 жоспарлы теміржол, 143 автожол, 378 қарсы алу, 672 сот және 6 ерекше айдауыл ұйымдастырылды. Айдауылдау барысында шамамен 19 мың сотталған және қамаудағы адам тасымалданды.

Айта кетейік, Ұлттық ұланның жеке құрамы полиция қызметкерлерімен бірлесіп еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру