Абай облысында ҚАЖ мекемесінде студенттерге арналған танымдық экскурсия өтті
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің орташа қауіпсіздік мекемесінде Shakarim University студенттеріне экскурсия өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық сананы қалыптастыру және жасалған әрекеттер үшін жауапкершілік бар екенін ұғындыруға бағытталды.
Экскурсия мекеме мен университет арасындағы жүйелі өзара іс-қимыл аясында ұйымдастырылып, жастар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша кешенді жұмыстың бір бөлігі болды. Мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, әртүрлі мамандықтағы студенттерді қамтиды. Бұл жолы мекемеге 20-дан астам студент қатысты.
Сапар барысында студенттерге қылмыстық-атқару жүйесінің қызметі, жазаларды орындау тәртібі, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттер жасаудың құқықтық салдары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Қатысушылар сотталғандардың ұсталу жағдайымен танысып, мекеме нысандарын аралап көрді және өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Кездесу барысында профилактикалық жұмысқа ерекше назар аударылып, студенттерге заң талаптарын сақтаудың маңызы, сондай-ақ ойланбай жасалған әрекеттер мен құқық бұзушылықтардың салдары түсіндірілді.
— Бұл экскурсия мен үшін тек оқулықтан ала алмайтын көрнекі сабақ болды. Сотталғандардың нақты жағдайын көріп, олардың оқиғаларын тыңдай отырып, адам ойланбай жасалған әрекеттердің қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін тереңірек түсінеді. Мұндай кездесулер заңға және өз өміріне саналы көзқарас қалыптастырады, — деп пікір білдірді студенттердің бірі.
— Жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, — деп атап өтті мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Нұрболат Сапаргалиев.
