Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда алкоголь өнімдерін заңсыз сату дерегі тоқтатылды

Петропавлда заңсыз алкоголь өнімдерін сату дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласында полиция қызметкерлері жеке тұрғын үй аумағында заңсыз алкоголь өнімдерін сату фактісін анықтады. Аталған құқық бұзушылық "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде тіркелді.

Тексеру барысында тұрғын үй ішінде алкоголь өнімдерін сату үшін арнайы терезе жабдықталғаны және қолмен жазылған баға тізімі ілінгені белгілі болды. Аталған орын маңынан спирт иісі аңқыған үш азамат анықталып, олар медициналық куәландырудан өткізу үшін жеткізілді. Аталған тұлғалар бұған дейін де қоғамдық тәртіпті бұзу деректері бойынша тіркелген.

Қала тұрғыны өз түсініктемесінде арзан спирт сатып алып, оны сумен араластырып, жақын маңдағы тұрғындарға өткізгенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол темекі өнімдерін де заңсыз сатқан. Тінту барысында 40-тан астам контрафактілі темекі қорабы тәркіленді.

Қазіргі уақытта тәркіленген спиртқұрамды сұйықтық (жалпы көлемі 137 литр) сараптамаға жіберілді. Аталған факті бойынша әкімшілік материалдар жинақталуда.

Полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерінің адам өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың туындауына себеп болуы мүмкін екенін ескертеді.

Жыл басынан бері Петропавл қаласында заңсыз айналымнан жалпы көлемі 4593 литр алкоголь өнімі тәркіленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру