Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытауда Айбат Амановты еске алуға арналған республикалық турнир өтіп жатыр

Жезқазғанда "Жігер" спорттық-сауықтыру кешенінде ҚР ІІМ Ұлттық ұлан қызметінің үздігі және ІІІ дәрежелі "Айбын" орденінің иегері Айбат Амановты еске алуға арналған бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы I республикалық турнир басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараның ашылу салтанатында алғашқы сөзді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова алып, былғары қолғап шеберлері мен жанкүйерлерді облыс орталығында тұңғыш рет өткізіліп отырған бокс додасының ашылуымен құттықтады. Зина Ақылбекова Ұлттық ұлан жауынгері Айбат Амановтың ерлігі мен өнегелі өмірі халық жадында мәңгі сақталатынын және мәртебелі спорттық шараның Ұлт ұясы – Ұлытау жерінде алғаш рет өткізіліп отырғаны үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

Одан кейін өңір әкімінің орынбасары сарбаздың ата-анасына облыс әкімі Дастан Рыспековтің атынан арнайы Алғыс хат табыстады. Сондай-ақ әкесі Ербол Аманұлының иығына шапан жауып, анасы Гүлназ Әлкенқызына гүл шоғын сыйлады.

Өз кезегінде сөз алған Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, запастағы полковник Қуаныш Қожахметов турнирдің Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңіс күніне орай өтуінің символикалық мәні бар екенін атап өтті.

– Мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы мен ардагерлерінің атынан Ұлытау облысы спорт және дене шынықтыру басқармасы мен облыстық Бокс федерациясына шексіз алғысымды білдіремін. Ал жарысқа қатысушыларға сенімділік пен жігер, қазақ халқына тән батырлық пен қайсарлық тілеймін. Ұлттық ұлан өз батырын ұмытпайды. Айбат мәңгілік есімізде, – деді ол.

Турнир басталарда Айбаттың анасы Гүлназ Әлкенқызы спортшыларға сәттілік тілеп, республикалық деңгейде өткізіліп отырған жарыстың ұйымдастырушыларына аналық алғысын білдірді.

Айбат Аманов 2003 жылдың 29 мамырында Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 2008–2018 жылдары жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбын аяқтаған. 2011 жылдан бастап бокс үйірмесіне қатысып, облыстық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері атанған. Облыс құрама командасының мүшесі болған.

Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қатардағы жауынгер Айбат Аманов ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.

Турнирдің мақсаты – Айбат Амановтың ерлік үлгісін дәріптеу және өскелең ұрпақ арасында боксты насихаттап, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу.

Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарынан келген 100-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Олар шаршы алаңда 15 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Дода үш күнге созылып, ең мықты былғары қолғап шеберлері анықталады.

Жарыстың жабылу салтанаты Жеңіс күнінде өтеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру