Қызылорда облысында полиция қызметкерлері ардагерге құрмет көрсетті
Қызылорда облысында полиция қызметкерлері ардагерге құрмет көрсетті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Қызылорда облысы полиция департаменті Сырдария аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 104 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері, ел мақтанышы Яхия Тасыровқа арнайы барып, құрмет көрсетті.
Зұлмат соғыс жылдарының ауыртпалығын бастан өткеріп, Отан үшін от кешкен ардагердің ерлігі – бүгінгі бейбіт өмірдің негізі. Майдан даласында көрсеткен қайсарлығы мен елге сіңірген еңбегі кейінгі ұрпаққа өнеге.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері ардагердің шаңырағына барып, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, үйінің алдында сап түзеп, салтанатты түрде құрмет көрсетіп, ардагерге тағзым жасады.
— Біз үшін ардагерлердің ерлігі – ең үлкен мектеп. Сіздің майдандағы батырлығыңыз бен бейбіт күнге қосқан үлестеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі тыныш өмір сіздердің жанқияр еңбектеріңіздің нәтижесі, – деп атап өтті Сырдария аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері.
Бұл – батыр буынға деген шынайы құрмет пен ұрпақ сабақтастығының көрінісі. Яхия Тасыров ақсақал өз кезегінде көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ел тыныштығы мен бірлігінің маңызын атап өтті.
Ардагерлердің ерлігі – мәңгі жадымызда. Олардың жанқиярлық еңбегі мен Отанға деген адалдығы жас ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала бермек.
