ШҚО-да полиция футбол матчының қауіпсіздігін қамтамасыз етті
ШҚО-да полиция "Алтай" — "Ордабасы" матчы кезінде қоғамдық тәртіп пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кеше Өскемен қаласындағы "Восток" стадионы Қазақстан Премьер-Лигасы аясында өткен "Алтай" мен "Ордабасы" командалары арасындағы тартысты кездесудің орталығына айналды. Ауқымды спорттық шараға 7,5 мыңнан астам жанкүйер жиналып, футбол мерекесі ерекше атмосферада өтті.
Іс-шараның кең көлемде ұйымдастырылуына байланысты Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге патрульдік полиция жасақтары, мамандандырылған бөлімшелердің қызметкерлері және жедел қызмет өкілдері жұмылдырылды.

Полиция қызметкерлері матч басталғанға дейін және ойын аяқталғаннан кейін стадион кіреберістеріндегі адам ағынын үйлестіруге, өткізу режимін бақылауға және іргелес аумақтардағы жағдайды қадағалауға ерекше назар аударды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Өскемен қаласы полиция басқармасындағы әріптестерімен бірлесіп, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық акция өткізді.
Киберполицейлер трибуналарды ашық әрі пайдалы ақпарат алаңына айналдырып, жанкүйерлерге интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері туралы түсіндірді. Тәртіп сақшылары азаматтарға банктік шоттарды қорғау бойынша практикалық кеңестер қамтылған жадынамалар таратып, фишингтік шабуылдарды қалай анықтауға болатынын және алаяқтардың арбауына түспеу жолдарын жан-жақты түсіндірді.
Әңгімелесу барысында полиция қызметкерлері цифрлық әлемдегі басты қорғаныс — жеке сақтық пен сыни ойлау екенін атап өтті. Олардың айтуынша, дәл осы қасиеттер киберқылмыскерлердің әрекеттеріне қарсы ең сенімді тосқауыл бола алады.
Күштерді тиімді үйлестіру мен жүйелі профилактикалық жұмыстың нәтижесінде спорттық шара бірлік пен салауатты жанкүйерлік рух жағдайында өтті. Матч барысында төтенше оқиғаларға, құқыққа қарсы әрекеттерге және заңнаманы өрескел бұзу фактілеріне жол берілген жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті тұрғындардың жоғары мәдениетін ерекше атап өтіп, кештің қауіпсіз әрі жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан жанкүйерлерге тәртіптілігі мен өзара құрметі үшін алғыс білдірді.
