Жамбыл облысында қауіпті автошеру жасаған жүргізушілер жауапқа тартылды
Жамбыл облысында қауіпті автошеру жасаған жүргізушілер жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Меркі ауданы аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген рейд барысында полиция қызметкерлері бірнеше өрескел жол қозғалысы ережесін бұзу дерегіне тосқауыл қойды.
Түнгі уақытта ұйымдастырылған автошеруге қатысушылар азаматтардың өміріне қауіп төндіріп, жол бойында отшашу жасап, өрескел заң бұзушылықтарға жол берген.
Атап айтқанда, Subaru автокөлігінің жүргізушісі көлік қозғалысы кезінде жолаушылардың алдыңғы және артқы терезелерден денесін шығарып отырғанына қарамастан көлікті басқарып, қауіпті маневрлер жасаған. Оған қоса, жүргізушілердің сақтандыру полисі болмағандығы белгілі болды.
Сондай-ақ Mercedes-Benz автокөлігінің иесі құқығы жоқ кәмелетке толмаған жасөспірімге көлікті басқаруға бергені анықталды.
Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көліктер арнайы айып тұраққа қойылды.
Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң назарға алуға шақырады.
