Қызылорда облысында студенттер кинология орталығының жұмысымен танысты
Қызылорда облысында студенттер кинология орталығының жұмысымен танысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласындағы Болашақ университетінің студенттері Қызылорда облысы полиция департаментінің кинология орталығында тәжірибелік танысу шарасына қатысты.
Іс-шара барысында болашақ мамандарға одорологиялық зерттеу жүргізу тәртібі түсіндіріліп, иіс іздерімен жұмыс істеу әдістері көрсетілді. Кинолог мамандар қызметтік иттердің көмегімен қылмысты ашуда қолданылатын заманауи тәсілдерді тәжірибе жүзінде таныстырды.
Студенттер арнайы құрал-жабдықтармен танысып, иіс үлгілерін алу, сақтау және салыстыру кезеңдері бойынша толық ақпарат алды. Сонымен қатар кинология қызметінің күнделікті жұмысы мен қылмысты іздестірудегі маңызы кеңінен түсіндірілді.
Тәжірибелік кездесу барысында жастар мамандарға өз сұрақтарын қойып, құқық қорғау саласындағы қызметтің ерекшеліктері туралы пікір алмасты.
Мұндай танымдық іс-шаралар студенттердің құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырып, кәсіби бағдар беруге және болашақ мамандардың тәжірибелік білімін жетілдіруге ықпал етеді.
