Өскеменде оқушыларға арналған еліміздегі алғашқы интерактивті әлеуметтік жоба басталды
Өскеменде оқушыларға арналған еліміздегі алғашқы интерактивті әлеуметтік жоба басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қаласындағы "Юбилейный" кинотеатры базасында "Сенің таңдауың" атты бірегей әлеуметтік жоба өз жұмысын бастады. Бұл — Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті мен "Юбилейный" кинотеатрының бірлесуімен жүзеге асырылып отырған республикадағы алғашқы интерактивті профилактикалық жоба.
Жобаның алғашқы күніне облыс орталығындағы 500-ден астам оқушы қатысты.
Іс-шара "Заң мен тәртіп — қауіпсіз балалық шақтың кепілі" ұранымен өтіп, жасөспірімдердің өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және қазіргі әлеуметтік қауіп-қатерлер жағдайында жауапты шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Шара барысында ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Рифхат Тауфиков сөз сөйлеп, әрбір жасөспірім үшін саналы таңдау жасаудың маңыздылығына тоқталды.

- Сіздердің болашақтарыңыз бүгін қабылдайтын шешімдеріңізге байланысты. Зиянды әдеттер мен бөтен адамдардың ықпалына ермей, өз ұстанымдарыңызды сақтап, таңдауларыңыз үшін жауапкершілік ала біліңіздер, - деді ол.
Ресми ашылудан кейін оқушыларға қазақ және орыс тілдерінде интерактивті бағдарлама ұсынылды. Бағдарламада диалог, пікірталас және мотивациялық блоктар қамтылды.
Шоу барысында көрермендерге жастар өмірінде кездесетін нақты жағдайлар негізінде дайындалған қысқаша көріністер ұсынылды. Атап айтқанда, қатарластар қысымы, буллинг, тәуекелді әрекеттер, тәуелді мінез-құлық және өзгелердің үмітіне сай болуға ұмтылу секілді өзекті тақырыптар қозғалды. Әр сюжеттен кейін залмен бірлескен талқылау ұйымдастырылып, жасөспірімдер қабылданған шешімдердің салдарын саралап, олардың болашаққа әсерін бағалауға үйренді.

Іс-шара аясында полицияның қызметтік техникасы мен арнайы жабдықтарының көрмесі де ұйымдастырылды. Оқушылар қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған автокөліктермен және арнайы құралдармен танысты.
Бағдарлама соңында қатысушыларға фильм көрсетілді.
"Сенің таңдауың" әлеуметтік жобасы 14 маусымға дейін "Юбилейный" кинотеатрында жалғасып, қала оқушыларының кең аудиториясын қамтитын болады.
