Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында пробация есебіндегі азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында пробация есебіндегі азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мойынқұм аудандық пробация қызметі бөлімінің ұйымдастыруымен және Мойынқұм аудандық жастар ресурстық орталығының қатысуымен пробация есебінде тұрған азаматтарға арналған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету іс-шарасы өтті.

Шараның негізгі мақсаты — пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу, әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету, құқықтық сауаттылығын арттыру және қайта қылмыс жасаудың алдын алу.

Кездесу барысында сала мамандары сотталған азаматтармен жеке сұхбат жүргізіп, олардың әлеуметтік жағдайымен танысты. Сонымен қатар жұмысқа орналасу, кәсіптік бағдар беру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері, психологиялық қолдау алу және әлеуметтік көмек көрсету тетіктері жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара аясында жастар ресурстық орталығының өкілдері бос жұмыс орындары, қысқа мерзімді оқу курстары және мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ азаматтарға қоғамда өз орнын табуға бағытталған ұсыныстар айтылып, заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы түсіндірілді.

Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық және әлеуметтік бағыттағы кездесулер пробация есебінде тұрған азаматтардың қоғаммен байланысын нығайтып, олардың өмірге деген көзқарасын оң өзгертуге ықпал етеді.

Сонымен қатар азаматтарды әлеуметтік қолдау арқылы қайта құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау — пробация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті алдағы уақытта да мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлескен профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жалғастыратынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру