Қарағандыда учаскелік инспектор әйелдің өмірін аман алып қалды
Қарағандыда учаскелік инспектор әйелдің өмірін аман алып қалды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының Сарытөбе ауылында полиция қызметкерлерінің қырағылығы мен адам өміріне деген жанашырлығын айқын көрсеткен оқиға болды. Бұқар жырау аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Саят Жариков 80 жастағы ананың өтінішіне бейжай қарамай, оның хабарсыз кеткен 56 жастағы қызын дер кезінде тауып, өмірін сақтап қалуға себеп болды.
Зейнеткер қызының ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпағанына алаңдап, көмек сұрап учаскелік инспекторға жүгінген. Анасының айтуынша, қызы бұған дейін ешқашан себепсіз хабарсыз қалмаған.
Арызды кейінге қалдырмай, Саят Жариков түскі үзіліс уақытын пайдаланып, Қарағанды қаласына аттанған. Көрсетілген мекенжайға барған полицей пәтер ішінен еш жауап болмағанын байқайды. Әйел есік қағуға да, телефон қоңырауына да үн қатпаған. Көршілерінен мән-жайды анықтаған учаскелік инспектор оның соңғы үш күн бойы көрінбегенін біліп, жағдайдың шұғыл әрекетті қажет ететінін түсінеді.
Осыдан кейін инспектор төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерін шақырған. Ортақ күштің арқасында пәтер есігі ашылып, ішінен ес-түссіз жатқан 56 жастағы қарағандылық әйел табылған. Саят Жариков жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін әйелдің жағдайын бақылауда ұстаған. Кейін медицина қызметкерлері оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізіп, қажетті көмек көрсеткен.
Қызының аман қалғанын көрген ананың учаскелік инспекторға деген алғысында шек болмады. Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жауапкершілігі, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі жолындағы адал қызметі адам өмірін сақтап қалуда қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
