Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында Серік Байсалыков атындағы "Жас сақшы" сыныбы ашылды

Абай облысы Жаңасемей ауданы Приречное ауылындағы орта мектепте елдік рухты көтеріп, жас ұрпақтың бойына тәртіп пен жауапкершілік құндылықтарын сіңіруге бағытталған маңызды іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыр Серік Байсалыковтың есімі берілген "Жас сақшы" сыныбы салтанатты түрде ашылып, бұл күн білім ордасы үшін ерекше тарихи сәт ретінде есте қалды.

Аталған бастама – тек жаңа оқу кабинетін ашу ғана емес, жасөспірімдерді Отанға адал қызмет етуге, заң мен тәртіпті құрметтеуге тәрбиелейтін ауқымды жобаның жалғасы. "Жас сақшы" сыныбы арқылы оқушылардың бойында азаматтық жауапкершілік, тәртіпке құрмет және патриоттық сана қалыптастыру көзделіп отыр. Әсіресе 7-сынып оқушылары үшін бұл күн олардың өміріндегі маңызды белестердің бірі болды.

Салтанатты жиынға арнайы қонақтар қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Атап айтқанда, батыр Серік Байсалыковтың жұбайы Орынтай Қабдығалиевна мен әпкесі Қаламқас Қабеновна ер есімін ұлықтауға арналған игі іске жүрекжарды лебіздерін арнады. Олар үшін бұл шара тек ресми рәсім емес, ерлік рухының жас ұрпақ санасына сіңуінің айқын көрінісі екенін атап өтті. Қонақтар жас сақшыларға сәттілік тілеп, олардың елге адал қызмет ететін азамат болып өсетініне сенім білдірді.

Шара барысында жас сақшылар салтанатты түрде ант қабылдады. Оқушылардың жүрекжарды ант сөздері олардың бұл бастамаға үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айқын көрсетті. Сондай-ақ оларға арнайы куәліктер табысталып, жаңа мәртебелері ресми түрде бекітілді.

Салтанатты жиында Абай облысы полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы Шалқар Қанағатов сөз сөйлеп, жас буынға артылған сенімнің маңыздылығын атап өтті.

- Бүгінгі күн – сендердің өмірлеріңдегі маңызды белес. “Жас сақшы” сыныбы – жай ғана атау емес, бұл – жауапкершілік мектебі. Сендер енді тек оқушы емес, қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты құрметтеудің алғашқы өкілдерісіңдер. Серік Байсалыковтың есімі – ерліктің символы. Сол рух сендердің бойларыңнан табылып, елге адал қызмет ететін азамат болып қалыптасуларыңа жол ашады деп сенемін, – деді ол.

Салтанатты рәсім барысында оқушылардың жүзінен толқу мен мақтаныш сезімі айқын байқалды. Бұл олардың өміріндегі жаңа кезеңнің басталғанын білдірді. Жас сақшыларға артылған сенім олардың тек білімді ғана емес, сонымен қатар тәртіпті, жауапты және отансүйгіш азамат болып қалыптасуына зор серпін беретіні сөзсіз.

Жаңа ашылған "Жас сақшы" сыныбы мектеп пен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтып, өскелең ұрпақты елжандылық пен тәртіпке баулитын маңызды жоба ретінде өз жұмысын бастады. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас буынның бойына елге қызмет етудің биік мұратын сіңіруге ықпал етпек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру