Павлодар облысында балалардың шығармашылығы арқылы отбасы құндылықтары дәріптелді
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында және "Қазақстан – зорлық-зомбылықсыз отбасы" республикалық акциясы аясында Железин ауданының мектеп оқушылары арасында сурет байқауы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны Железин аудандық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобы мен ювеналдық полиция қызметкерлері өткізді. Байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында отбасы құндылықтарын дәріптеу, зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру және балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Байқау барысында жас суретшілер өз туындыларында бақытты балалық шақты, ата-ана мейірімі мен қамқорлығын, отбасы бірлігі мен сүйіспеншілікті, сондай-ақ зорлық-зомбылықсыз қоғам туралы өз көзқарастарын бейнеледі. Қатысушылардың әрбір жұмысы өзара құрмет пен қолдауға негізделген берік отбасының қоғам тұрақтылығы мен әл-ауқатының маңызды кепілі екенін көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар балалардың отбасыға деген құрметін арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне қоғам назарын аударуға ықпал етеді.
