Спорт пен шаттыққа толы мереке: Ақтөбеде полицейлер балалар сайысын ұйымдастырды
Ақтөбе облысы полиция департаментінде Балаларды қорғау күніне орай спорттық жарыс ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Ақтөбе облысы полиция департаментінде балаларға арналған "Көңілді старттар" спорттық-ойын сауық іс-шарасы өткізілді.
Мерекелік шараға полиция қызметкерлерінің балалары қатысып, түрлі эстафеталар мен спорттық жарыстарда өз бақтарын сынады. Қатысушылар жылдамдық, ептілік, тапқырлық және командалықрухтарын көрсетіп, жарыс барысында ерекше белсенділік танытты.
Балалар үшін қызық ойындар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын мерекелік бағдарлама ұсынылды. Жарысқа қатысқан әрбір бала қуанышқа бөленіп, жарқын әсер алды.
Іс-шара барысында департамент басшылығы бүлдіршіндерді келе жатқан мерекемен құттықтап, оларға зор денсаулық, бақытты балалық шақ, оқуда табыс және жарқын болашақ тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша барлық қатысушыға естелік сыйлықтар мен тәттілер табысталды.
Мұндай шаралар балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ отбасы құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.
