Павлодар облысында сотталғандарға шеберлік сабағы ұйымдастырылды
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде сотталғандарды кәсіптік оқыту және олардың біліктілігін арттыру бағытындағы кешенді жұмыстар табысты жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Білім беру бастамалары азаматтарды бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімдеуге және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне бағытталған.
№46 мекемесінде дәнекерлеу ісі бойынша арнайы шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Оқытуға тәжірибелі маман тартылып, қатысушыларға теориялық біліммен қатар жабдықтармен жұмыс істеудің практикалық дағдылары үйретілді. Оқу қорытындысы бойынша төрт сотталған біліктілік сынағынан сәтті өтіп, арнайы сертификаттарға ие болды.
Сонымен қатар, №47 мекемесінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне арналған біліктілікті арттыру курсы өткізілді. Бағдарлама аясында сотталғандар өндірістік жабдықтарды қауіпсіз пайдалану қағидаларын, өндірістік жарақаттардың алдын алу шараларын және жеке қорғаныс құралдарын қолдану тәртібін жан-жақты меңгерді.
Оқуды толық аяқтаған барлық қатысушыларға еңбек қауіпсіздігі саласындағы білімдері мен дағдыларын растайтын сертификаттар табысталды.
- Біздің міндетіміз – адамға тек білім беру ғана емес, сонымен қатар пайдалы мамандықты меңгеріп, қауіпсіз еңбек мәдениетін түсіне отырып, жаңа өмір бастауына нақты мүмкіндік жасау. Бұл дағдылар олардың бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасуына және қоғамға бейімделуіне берік негіз болады, – деді еңбек ұйымдастыру тобының аға инспекторы Ләззат Иманбаева.
Кәсіптік оқыту мен еңбек дағдыларын қалыптастыру өңірдің қылмыстық-атқару жүйесіндегі тәрбиелік жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл шаралар қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алып, сотталғандардың қоғамға толыққанды оралуына ықпал етеді.
