Талдықорғанда жас жол инспекторларының облыстық слеті басталды
Талдықорған қаласындағы қалалық жағажай аумағында Жетісу облысы полиция департаменті мен облыстық білім басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен жас жол инспекторлары жасақтарының облыстық слетінің салтанатты ашылуы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға облыстың қала және аудандарында өткен іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары атанған 10 команда қатысуда. Жалпы саны 70-ке жуық оқушы өзара бақ сынайды.
Слеттің негізгі мақсаты – оқушылардың жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы білімдерін арттыру, заңға құрмет сезімін қалыптастыру, жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін дамыту және жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты нығайту.
Салтанатты ашылу рәсімінде қатысушыларға Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әбдіғани Сейдуәлиев пен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айбол Қасенов құттықтау сөз сөйлеп, жас инспекторларға сәттілік тіледі.

Ресми бөлімнен кейін көрермендерге полицияның арнайы мақсаттағы жасағы мен кинологиялық қызмет мамандарының көрсетілімдері, сондай-ақ шығармашылық нөмірлер ұсынылды.
Екі күнге созылатын слет барысында оқушылар жол жүрісі қағидалары бойынша білімдерін, велосипедті мәнерлеп жүргізу шеберліктерін, саптық дайындықтарын, жол қозғалысын реттеу және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын көрсетеді. Сонымен қатар түрлі зияткерлік және тәжірибелік байқауларға қатысады.

