Таразда 300-ден астам студент есірткіге қарсы профилактикалық кездесуге қатысты
"Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында, Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында және "Қарасора-2026" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде Тараз қаласында жастармен профилактикалық кездесу өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Әлеуметтік жұмыс басқармасы, Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығы және "Нығмет нұры" қоғамдық бірлестігі кеңесінің мүшелерімен бірлесіп, студенттер арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмысын ұйымдастырды.
https://youtube.com/shorts/yDCsAp7uX2U?feature=share
Іс-шара барысында қатысушыларға нашақорлықтың алдын алуға және жастар арасында есірткі құралдарының заңсыз айналымына теріс көзқарас қалыптастыруға арналған "Кітап емес бетбелгілер» қысқаметражды фильмі көрсетілді.
Полиция қызметкерлері мен Жастар ресурстық орталығының мамандары студенттерге есірткінің зияны, оны тарату тәсілдері, сондай-ақ қолданыстағы заңнама талаптары мен есірткі қылмыстары үшін көзделетін қылмыстық жауапкершілік туралы жан-жақты ақпарат берді.
Кездесу барысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және денсаулықты сақтауға ерекше назар аударылды.
Аталған шараға 300-ден астам студент қатысты. Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан толыққанды жауап алды.
Ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық іс-шаралар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтық ұстанымды нығайтуға және есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ететінін атап өтті.
