Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция балаларды қорғау бағытындағы профилактикалық жұмысты күшейтті

Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның төрағалығымен бейнеселекторлық режимде кеңес өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиында Астана және Шымкент қалаларының, Ақмола, Павлодар және Маңғыстау облыстарының полиция департаменттеріндегі кәмелетке толмағандар жасаған және оларға қатысты жасалған қылмыстардың, сондай-ақ балалардың қатысуымен болған жазатайым оқиғалардың жай-күйі қаралды.

Кездесу барысында кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттері, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау, профилактикалық іс-шаралар кезінде заңдылық талаптарын қамтамасыз ету және балаларды қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Өңірлердегі жедел жағдайды талқылау кезінде кәмелетке толмағандар арасындағы жанжалдар мен агрессивті мінез-құлық фактілері, балалардың суға кетуі мен терезеден құлау жағдайлары, сондай-ақ әлеуметтік желілерде балаларға қатысты таралатын алаңдатарлық ақпараттар қаралды.

Кеңес қорытындысы бойынша проблемалық санаттағы кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер топтарын анықтау, балалар көп шоғырланатын орындарда рейдтік іс-шараларды күшейту және кешкі-түнгі уақытта профилактикалық жұмысты жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар буллинг фактілері мен балаларға кері әсер етуі мүмкін өзге де факторларды дер кезінде анықтау қажеттігі атап өтілді.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ювеналдық полиция бөлімшелерінің криминалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері, учаскелік және патрульдік полиция қызметкерлерімен, сондай-ақ білім беру органдарымен, психологтармен және ата-аналармен өзара іс-қимылын күшейту тапсырылды.

Берілген тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етіп, қабылданған шаралардың нәтижелері туралы белгіленген мерзімде ІІМ әкімшілік полиция комитетіне ақпарат ұсыну міндеттелді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру