Интернеттегі алаяқтардан қалай сақтану керек?
Абай облысы полиция департаменті виртуалды алаяқтардан қорғанудың бірнеше жолын ұсынады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады.
Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы алаяқтарға әртүрлі жолмен азаматтарды алдауға мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір адам өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгілі бір ережелерді ұстануы қажет.
1. Бейтаныс адамдардың қоңыраулары мен хабарламаларына сенбеңіз. Көптеген алаяқтық әрекет телефон арқылы жүзеге асады. Олар өздерін банк қызметкерлері, мемлекеттік органдар немесе таныс ұйымдардың қызметкері ретінде таныстырады. Мұндай жағдайда сақтық танытып, қоңырауды немесе хабарламаны қабылдаған кезде жеке ақпаратты бөліспеңіз. Мүмкіндігінше бейтаныс, күмәнді қоңырауларды қабылдамаңыз.
Ешқашан банк картасының деректерін немесе құпия кодтарды бермеңіз. Егер күмән туса, ресми ұйымның байланыс нөміріне өзіңіз хабарласыңыз.
2. Жеке деректерді қорғау. Жеке мәліметтеріңіз – сіздің басты қаржы және жеке қауіпсіздік кепіліңіз. Алаяқтар сіздің жеке деректеріңізді пайдаланып, қаражатты ұрлап немесе қылмыстық әрекеттерге қолдануы мүмкін. Сол себепті паспорт, банк картасы нөмірлері, SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге бермеңіз. Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде жеке мәліметтерді жарияламаңыз. Құпия сөздерді жиі өзгертіп, күрделі комбинацияларды қолданыңыз.
3. Күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан аулақ болу. Интернет алаяқтарының негізгі әдісі – фишингтік сайттар мен күмәнді сілтемелер арқылы ақпаратты ұрлау. Бұл жағдайда бейтаныс немесе сенімсіз көздерден келген сілтемелерге өтпеңіз. Интернет арқылы тауар сатып алғанда, инвестиция жасағанда немесе қызмет көрсетуге тапсырыс бергенде тек ресми сайттарды пайдаланыңыз.
4. Оңай әрі тез табыс уәде ететін ұсыныстардан сақтаныңыз. Алаяқтар көбіне адамдардың қаржылық мүдделерін пайдаланып, “жылдам байытудың” түрлі схемаларын ұсынады.
5. Қырағылық пен күдік таныту – басты қорғаныс. Алаяқтық әрекеттерден қорғанудың ең тиімді тәсілі – қырағылық пен ақпаратты мұқият тексеру. Қарапайым ережелерді сақтау сіздің қаражатыңызды, жеке деректеріңізді және тыныштығыңызды сақтауға көмектеседі. Белгісіз адамдардан келген ұсыныстарға сенбеңіз.
