Спорт – есірткіге қарсы: Өскеменде панкратион турнирі өтті
Өскемен қаласындағы "Maxi Mall" сауда ойын-сауық орталығының алаңында панкратионнан ашық турнир ұйымдастырылды. Ауқымды спорттық шараға жасөспірімдерден бастап ересектерге дейінгі 150-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара тек тартысты жекпе-жектер алаңы ғана емес, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды профилактикалық алаңға да айналды.
Есірткіге қарсы айлық аясында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы профилактикалық акция өткізіп, жастар арасында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарасты қалыптастырудың маңыздылығына назар аударды.
Шара барысында қатысушыларға спорттың адам денсаулығын нығайтудағы, ерік-жігер мен тәртіпті қалыптастырудағы рөлі түсіндіріліп, зиянды әдеттерден аулақ болудың маңызы жөнінде ақпарат берілді.
Турнир қорытындысы бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының атынан жоғары дайындық деңгейін, қайсарлық пен нағыз спорттық мінез көрсеткен спортшылар арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, "Үздік техника", "Жеңіске деген ерік-жігері үшін, және "Жоғары спорттық рухы үшін" номинацияларының жеңімпаздары грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Мұндай іс-шаралар бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салты қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ жастардың қауіпсіздік, тәртіп және есірткіден азат өмір құндылықтарына негізделген болашағына деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
