Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да заңсыз еңбек күшін пайдаланған жұмыс беруші жауапқа тартылды

Шығыс Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған "Нелегал" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара аясында көші-қон қызметінің мамандары құрылыс нысандарын, базарларды және шетел азаматтарының заңсыз еңбек қызметімен айналысуы мүмкін өзге де орындарды тексеруде.

Тексеру барысында Бұқтырма су қоймасының жағалауында тиісті рұқсат құжаттарынсыз еңбек етіп жүрген көршілес мемлекеттің 13 азаматы анықталды. Белгілі болғандай шетел азаматтары демалушыларға арналған жазғы үйлердің құрылысына тартылған.

Көші-қон заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына заңнамаға сәйкес айыппұл салынды.

Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған жұмыс беруші де жауапқа тартылды. Оған қатысты да әкімшілік жаза қолданылып, айыппұл салынды.

"Нелегал" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы бері өңір аумағында шетелден келген 144 азаматтың заңсыз еңбек қызметінің жолы кесілді.

Полиция Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетел азаматтары уәкілетті органның тиісті рұқсатын алмай еңбек қызметімен айналысуға құқылы емес екенін еске салады.

Ведомство өкілдерінің атап өтуінше, көші-қон заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін шетелдік қызметкерлер де, оларды заңсыз жұмысқа тартқан жұмыс берушілер де әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру