Елордада самокат жүргізушілері жиі бұзатын ережелер қандай?
Астанада жыл басынан бері электросамокат пайдаланушыларының 1200-ден астам құқық бұзушылығы анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері электросамокат пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде рейдтік және профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Мәселен, анықталған жағдайлардың бірінде екі кәмелетке толмаған жасөспірім бір электросамокатпен қарқынды көлік қозғалысы бар жол бөлігінде жүріп, жол қозғалысы ережелерінің бірнеше талабын бұзған. Аталған дерек бойынша 16 жасқа толған жасөспірімге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларын тәрбиелеу және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
Полиция азаматтарға бір самокатпен екі адамның жүруіне, қозғалыс кезінде телефон мен құлаққап пайдалануға, белгіленген жылдамдықты асыруға және қауіпті маневрлер жасауға тыйым салынатынын еске салады. Жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өткен кезде пайдаланушы самокаттан түсіп, оны жаяу алып өтуге міндетті.
Электросамокатпен жүруге велосипед жолақтарында және веложолдарда рұқсат етіледі, ал олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен қозғалу қажет. Бұл ретте жүргізуші 18 жастан асқан болуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы, мотошлемді тағуы және қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерді пайдалануы тиіс. Сонымен қатар электросамокат операторларына көлік құралдарын есепке алып, тіркеу нөмірлерін беру және орналастыру міндеті жүктелген.
Сондай-ақ жалға берілетін самокат пайдаланушылары оларды жиі белгіленбеген орындарға қалдырып кетеді. Тротуарларда, аялдамаларда және жаяу жүргіншілер өткелдерінде тасталған жеке мобильді көлік құралдары азаматтардың қозғалысына кедергі келтіреді. Мұндай самокаттар эвакуацияланып, коммуналдық тұраққа қойылады.
