Елордада екі ойын-сауық орнында кальян пайдалану фактілері анықталды
Елордада қоғамдық орындарда заң талаптарының сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кезекті рейд барысында елорданың екі ойын-сауық орнында кальян пайдалану фактілері тіркелді.
Атап айтқанда, кешкі сағат 21:00 шамасында Қалдаяқов көшесінде орналасқан мекемелердің бірінде кальян пайдалану дерегі анықталды. Осы факті бойынша 30 жастағы азаматқа қатысты заң аясында шара қабылданды.
Араға бір сағат салып, сағат 22:00 шамасында Кенесары көшесіндегі ойын-сауық орындарының бірінде тағы бір осындай факті анықталды. Бұл дерек бойынша 22 жастағы азаматқа қатысты тиісті шара қабылданды.
Мұндай рейдтердің басты мақсаты — заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігіне ықпал ететін тәртіпті нығайту.
Полиция қызметкерлері кәсіпкерлік нысандарының өкілдері мен қала тұрғындарын қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға шақырады. Заңды елемеу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Елордада профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр.
