Жетісу облысында туристердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде
Жазғы маусымның басталуымен Жетісу облысындағы Балқаш көлінің жағалауы демалушылар көп шоғырланатын негізгі туристік бағыттардың біріне айналады. Жыл сайын мұнда табиғаттың көркем келбетін тамашалап, таза ауамен тыныстау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден мыңдаған турист келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірге шамамен 1,8 млн турист келген болса, биыл бұл көрсеткіштің 2 млн адамға жетуі күтілуде. Осыған байланысты демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берілуде.
Жазғы кезеңде Балқаш жағалауында қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтарға жедел көмек көрсету мақсатында Жетісу облысы полициясының түрлі бөлімшелерінен іссапармен келген қызметкерлер жұмылдырылған. Тәулік бойы автопатрульдер, жаяу нарядтар мен туристік полиция қызметкерлері кезекшілік атқарады. Сонымен қатар, модульдік полиция бекеті тұрақты жұмыс істейді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мен кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге басымдық беріледі. Қызмет барысында заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, жағалаудағы ахуалды әуеден бақылауға және қажетті жағдайда жедел көмек көрсетуге мүмкіндік беретін ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылады.
Полиция қызметкерлері күн сайын демалушылармен профилактикалық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қажеттігін еске салады. Сондай-ақ туристерге өздерінен кейін қоқыс қалдырмау, жағалау тазалығын сақтау, рұқсат етілмеген орындарда от жақпау және Балқаштың бірегей табиғи байлығын қорғаудың маңызы түсіндіріледі.
Бүгінде туристік полиция қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, азаматтарға көмек көрсететін, түрлі жағдайда қолдау білдіретін сенімді қызмет ретінде танылып отыр. Полицейлер өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың демалысы тек жағымды әсерлермен есте қалуы үшін Балқаш жағалауында қызметтерін жалғастыруда.
Қауіпсіздік, тазалық және табиғатқа жанашырлық – жайлы әрі мәдениетті демалыстың басты кепілі.
