Алакөлдегі ерлік: туристерді құтқарып қалған арнайы жасақ жауынгері жайлы не білеміз?
Polisia.kz сайты Алакөлде шұғыл әрекет етіп, туристерді құтқарып қалған арнайы жасақ қызметкері жайлы ақпарат ұсынады.
Жақсылық Сарсенов небәрі 29 жаста болғанымен, оның өмір жолында құрметке лайық көптеген игі іс бар. Бала кезінен-ақ ол погон тағып, елге қызмет етуді, қиын жағдайда қалған жандарға көмек көрсетуді армандады. Бұл арманы 2019 жылы Жетісу облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағына қызметке қабылданған сәттен бастап жүзеге аса бастады.
Жақсылық үшін ерлік пен мамандыққа адалдықтың үлгісі ағалары болды. Бүгінде үш ағайындының барлығы ішкі істер органдарында қызмет атқарады. Олардың отбасы тарихын күш-қайрат, абырой мен батылдықты өмірлік ұстаным еткен үш батырдың тағдыры деуге толық негіз бар.
Жақсылықтың өмірінде спорттың орны ерекше. Ол самбо, ауыр атлетика және пауэрлифтинг бойынша спорттық разрядтарға ие. Көп жылғы жаттығулар оның мінезін шыңдап, тәртіпке, төзімділікке және күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдауға үйретті. Бұл қасиеттер оған тек спортта ғана емес, адам өмірі қыл үстінде тұрған қызмет барысында да үлкен көмек көрсетіп келеді.
Жақында Жақсылық өз антына адалдығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Алакөл ауданы Көктұма ауылындағы көл жағасында қызмет атқарып жүрген кезде ол қатты жел мен толқын салдарынан жағадан шамамен 500 метр қашықтыққа кетіп қалған сапбордтағы төрт адамды байқаған. Олардың екеуі жағаға өз күштерімен жетуге тырысқанымен, қолайсыз ауа райы салдарынан қауіпті жағдайға тап болған.
Бір сәт те кідірместен полиция қызметкері жергілікті тұрғынмен бірге адамдарды құтқаруға кірісіп, оларды қауіпсіз аймаққа шығаруға көмектесті. Оның батылдығы, кәсіби шеберлігі мен табандылығының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды.
Қызметтен тыс уақытта Жақсылық — қамқор жар, екі баланың батыл әкесі. Осындай азаматтар қоғам алдындағы жауапкершілікті отбасына деген қамқорлықпен ұштастырып, күн сайын тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп келеді.
Жақсылықтың өмір жолы — шынайы күштің тек физикалық дайындықта емес, ең қиын сәтте өзгеге қол ұшын созуға дайын болуда екенін дәлелдейтін жарқын мысал. Ал бала күнгі әлсізге қорған боламын деген арманы бүгінде адам өмірін арашалап қалатын нақты істер арқылы жалғасын тауып келеді.
