Шымкентте демалыс орындарында тәртіп пен тазалықты сақтау шаралары күшейтілді
Шымкентте "Таза қала" экологиялық акциясы аясында саябақтарда, гүлзарларда, халық көп жиналатын демалыс орындары мен өзге де қоғамдық кеңістіктерде тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері мүдделі мекемелермен бірлесіп, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және абаттандыру қағидаларын сақтау жөнінде тұрғындар арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әсіресе, адам көп шоғырланатын орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алуға және санитарлық тазалықты сақтауға ерекше назар аударылуда.
Тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға, қоқысты арнайы жәшіктерге тастауға және ортақ мүлікке ұқыпты қарауға шақырады.
Таза қала – туған қаламыздың көркеюі мен жайлылығы үшін әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
