Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Ішімдіксіз ауыл" ЖПІШ: Абай облысында ауыл тұрғындары ортақ бастаманы қолдады

Абай облысы, Мақаншы ауданы Қызыл жұлдыз ауылында "Ішімдіксіз ауыл" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері тұрғындармен ашық кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамдық тәртіпті нығайту мен салауатты өмір салтын орнықтыруға бағытталған бұл кездесу ауыл орталығында ашық форматта өтіп, тұрғындармен еркін пікір алмасу алаңына айналды.

Қызыл жұлдыз ауылы бүгінде ішімдіксіз өмір салтын қолдайтын бастамалардың бірі ретінде қалыптасып келеді. 54 тұрғыннан құралған 17 жанұя бұл қағидатты күнделікті өмірінде ұстануға ниет білдірген. Ауылда бір медициналық пункт халық денсаулығын бақылау және алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізуде.

Жиын барысында құқықтық тәртіпті сақтау, жастар тәрбиесі және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Тұрғындар өз ұсыныстарын ортаға салып, ауылдың әлеуметтік дамуына қатысты ойларымен бөлісті.

Учаскелік полиция инспекторы Әлібек Касенов құқық бұзушылықтың алдын алу – ортақ міндет екенін атап өтіп, ішімдіксіз орта қалыптастырудың қоғам тұрақтылығына тікелей әсер ететінін жеткізді.

Ауыл әкімі Мұрат Адаев бұл бастаманың маңызын айқындап, салауатты өмір салты – ауылдың болашағына салынған берік негіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай бағыттағы жұмыстар жастардың дұрыс бағдар алуына және қоғамдық бірліктің нығаюына жол ашады.

Кездесу соңында тұрғындар бастамаға қолдау білдіріп, осындай ашық форматтағы диалогтардың тұрақты түрде жалғасуы қажет екенін жеткізді. Қызыл жұлдыз ауылындағы бұл қадам – салауатты қоғам қалыптастыруға бағытталған нақты әрі жүйелі жұмыстың көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру