Түркістан облысында полиция балаларды спортқа және салауатты өмір салтына үндеді
Қазақстан Республикасы Полиция күні мен 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Мақтаарал аудандық полиция бөлімі жастарға арналған профилактикалық іс-шара ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Наурызбек ауылындағы жазғы балалар лагерінде өткен шараның негізгі мақсаты – ішкі істер органдары қызметінің беделін арттыру, сондай-ақ "Заң мен Тәртіп" қағидатын кеңінен насихаттау болды.
Іс-шараға лагерьде демалып жатқан 150 бала қатысты. Балалар арасында көңілді эстафеталық жарыстар өткізіліп, қатысушылар жоғары белсенділік пен ұйымшылдық танытты. Спорттық сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар мен үздік ойыншылар полиция қызметкерлерінің қолынан грамоталар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
Спорттық жарыстан кейін тәртіп сақшылары лагерь тәрбиеленушілерімен кездесіп, нашақорлықтың зияны, синтетикалық есірткінің қауіптілігі және құқық бұзушылықтардың салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар жасөспірімдерге салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы айтылып, бос уақытты тиімді пайдалану мен спортпен тұрақты айналысуға шақырылды.
Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің өкілдері мұндай профилактикалық іс-шаралар жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өтті.
