Астанада полиция жастарға арналған ашық есік күнін өткізді
Астанада полиция жастарға арналған ашық есік күнін өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Астана қаласының полиция департаментінде “Жас сақшы” бейіндік сыныптарының оқушылары мен “Астана Жастары” жастар қозғалысының еріктілеріне арналған ашық есік күні ұйымдастырылды.
Қонақтар Жедел басқару орталығына барып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи жүйелері жұмысымен танысты. Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының мүмкіндіктерін көрсетіп, қаладағы жағдайды бақылау, оқиғаларға жедел әрекет ету және полиция жасақтарының іс-қимылдарын үйлестіру жұмыстары туралы айтып берді.
Полиция бастығының орынбасары Арман Атанов кездесуге қатысушыларға ішкі істер органдарының қызметі, қоғамға қызмет етудің маңыздылығы, сондай-ақ жастардың құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудағы рөлін туралы баяндады.
Іс-шара барысында кәсіптік бағдар беру жұмысына ерекше көңіл бөлінді. “Жас сақшы” сыныптарының оқушылары полиция қызметкері мамандығымен жақынырақ танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолданылатын заманауи технологиялар туралы ақпарат алды.
