Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысы полиция департаментінде 60 отбасылық жұп қызмет етеді

Атырау облысы полиция департаментінде 60 отбасылық жұп қызмет етеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Отбасы – сыйластық пен сенімге, өзара қолдау мен түсіністікке негізделген қоғамның ең басты құндылықтарының бірі.

Бүгінде Атырау облысы полиция департаментінде 60 отбасылық жұп қызмет атқарып келеді. Олар кәсіби міндеттерін абыроймен орындап қана қоймай, отбасылық өмірде де жауапкершілік пен өзара құрметтің жарқын үлгісін көрсетуде.

Cолардың бірі – Жәнібек Төлепов пен Айгерім Санабаева. Қызмет барысында танысқан ерлі-зайыптылар 2016 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде екі қыз тәрбиелеп отыр. Құқық қорғау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан жұп қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүр.

Жәнібек Төлепов қызметтік міндетін орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен кәсібилігі үшін Ішкі істер министрлігінің медалімен марапатталған. Ал Айгерім Санабаева қызметпен қатар спорт саласында да белсенділік танытып, салауатты өмір салтын насихаттап келеді.

2024 жылы бұл отбасы республикалық "Өнегелі отбасы" байқауының жеңімпазы атанып, берекелі шаңырақтың, ынтымақ пен татулықтың үлгісін көрсетті.

Қызмет пен отбасы құндылықтарын қатар ұстанған мұндай жанұялар қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетуге және отбасылық институттың маңызын дәріптеуге зор үлес қосып келеді.

Берік отбасы – берекелі қоғамның негізі, ал осындай отбасылар елдің тыныштығы мен болашағының кепілі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру