Атырауда нашақорлыққа қарсы дәстүрлі түнгі марафон өтті
Атырау қаласында дәстүрлі түрде екінші рет ұйымдастырылған "TUNGI RUN–2026" түнгі марафоны өтті. Бұқаралық спортты дамытуға және нашақорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шараға 500-ден астам тұрғын қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарыс Салтанат сарайының алдынан бастау алып, қатысушылар 3 және 5 шақырым қашықтыққа жүгірді. Түнгі форматта өткен марафон спорт сүйер қауымға ерекше әсер сыйлап, салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлесін қосты.
Іс-шараға Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлері де белсенді қатысты. Олардың қатарында жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері Әбілқайыр Орақ болып, спорт пен тәртіп сақшыларының қоғам өміріндегі белсенді ұстанымын көрсетті.
Марафон қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған арнайы лотерея ойнатылып, ұтыс нөмірінің иесіне велосипед табысталды.
Мұндай іс-шаралар тұрғындар арасында салауатты өмір салтын дәріптеп қана қоймай, жастарды спортпен шұғылдануға ынталандырып, қоғамда нашақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
