Жасырын камерасы бар қалам: СҚО-да түзеу мекемесіне тыйым салынған зат алып кірмек болған күдікті ұсталды
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №51 мекемесінде тыйым салынған техникалық құрылғыны алып кіру әрекетінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталғандарды ұстау режимін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ҚАЖ мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттардың өтуіне жол бермеу мақсатында мекеме қызметкерлері тұрақты негізде профилактикалық және тексеру іс-шараларын жүргізеді.
Осылайша, СҚО бойынша ҚАЖД №51 мекемесінде сотталған азаматпен ұзақ мерзімді кездесуге келген әйелді тексеру барысында мекеме қызметкерлері 5510 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, ішіне аудио және бейнежазба жүргізуге арналған камера орнатылған, сондай-ақ SD жад картасымен жабдықталған шарикті қалам түріндегі техникалық құрылғыны анықтап, тәркіледі.
Айта кету керек, ҚАЖ мекемелеріне келетін азаматтарға келу тәртібі, сондай-ақ алып кіруге рұқсат етілген және тыйым салынған заттардың тізбесі алдын ала түсіндіріледі. Соған қарамастан, азаматша тыйым салынған құрылғыны мекеме аумағына алып кіруге әрекет жасаған.
Қызметкерлердің қырағылығы мен кәсіби әрекеттерінің арқасында тыйым салынған затты алып кіру әрекетінің жолы дер кезінде кесілді.
Аталған азаматшаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 399-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалады.
Азаматтардың назарына! Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттарды беруге немесе алып кіруге әрекет жасау заңсыз әрекет болып табылады және заңнамада көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Баршаңызды мекемелерге келудің белгіленген тәртібін сақтауға және белгіленген талаптарды бұзатын әрекеттерге жол бермеуге шақырамыз.
