Полиция жастар көзімен: Жамбыл облысында ашық есік күні өтті
"Заң және Тәртіп" идеологиясын іске асыру аясында және Қазақстан полициясы күні қарсаңында Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің "Жастар ресурстық орталығы" КММ-мен бірлесіп, жастарға арналған ашық есік күнін ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналған айлық шеңберінде өтті.
Кездесуге Оқушылар сарайының туристік-өлкетану үйірмесі мен көркемөнер студиясының тәрбиеленушілері, сондай-ақ "Елу жылда – Ел жаңа" қоғамдық бірлестігі жанындағы нашақорлық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңестің өкілдері қатысты.
Қонақтар үшін полиция департаментіне танымдық экскурсия ұйымдастырылып, жастар мұражаймен танысты. Олар құқық қорғау органдарының қалыптасу тарихы, қызметтің даму кезеңдері және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан тұлғалар туралы мағлұмат алды.
Іс-шара барысында қатысушыларға Халық Қаһарманы Газиз Байтасовтың ерлігі мен қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің өмір жолы туралы кеңінен айтылды. Жастар азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында жанын қиған қызметкерлердің ерлігі мен антқа адалдығы жайында білді.
Полиция өкілдері түрлі бөлімшелердің қызметі, олардың ерекшеліктері және қазіргі құқық қорғау органдары алдында тұрған міндеттер туралы жан-жақты ақпарат берді. Жастар полиция қызметінің күнделікті жауапкершілігі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі жөнінде толық мәлімет алды.
Қонақтардың ерекше қызығушылығын жедел басқару орталығына жасалған экскурсия тудырды. Қатысушыларға бейнебақылау жүйелері мен цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері көрсетіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу және оқиғаларға жедел әрекет ету тетіктері түсіндірілді.
Іс-шара ашық диалог форматында жалғасып, жастар полиция қызметіне түсу жолдары, ведомстволық оқу орындары және кәсіби дайындық талаптары туралы сұрақтарын қойды.
Полиция қызметкерлері барлық сауалдарға толық жауап беріп, құқық бұзушылықтың алдын алу, заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыру және әр азаматтың жеке жауапкершілігінің маңызын ерекше атап өтті.
