Елордалық тәртіп сақшыларының ерлігі
Астана қаласында полиция қызметкерлері азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау бағытында бірқатар төтенше жағдайларда жоғары кәсібилік пен батылдық танытты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы кезеңде тіркелген оқиғалар тәртіп сақшыларының тек құқық бұзушылықтың алдын алумен шектелмей, адам өмірін сақтап қалуда да шешуші рөл атқаратынын көрсетті.
Оның бірі – көпқабатты үйдің сегізінші қабатындағы қайғылы жағдайдың алдын алу оқиғасы. Учаскелік полиция инспекторы Рахметолла Нұрымов жедел әрекет етіп, балконнан құлау қаупі төнген әйелді қауіпсіз жерге шығарды. Аз уақыт ішінде жағдайды бағамдап, кәсіби шеберлік таныту арқылы қайғылы оқиғаның алдын алды.
Сонымен қатар Біржан сал көшесінде патрульдеу кезінде патрульдік полиция полкінің инспекторлары Диас Әбітбек пен Әділбек Разақов көшеде кенеттен есінен танып құлаған әйелге дер кезінде алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем келгенге дейін өмірін сақтап қалуға көмектесті. Олардың үйлесімді әрекеті мен жедел шешімі жағдайдың ауыр салдарын болдырмады.
Осыған қоса, патрульдік полиция полкінің инспекторы Әділбек Разақов пен Жедел қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Жалғас Әбітай көшеде жағдайы күрт нашарлаған қарт азаматқа дер кезінде көмек көрсетті. Полицейлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем қызметінің уақытылы келуін қамтамасыз етті.
Тағы бір жағдайда Ильдар Рамазанов пен жедел қызметтер шатырда тұрған жас азаматпен ұзақ уақыт келіссөз жүргізіп, сенімге кіре отырып, оның өмірін сақтап қалды. Психологтардың қатысуымен өткен операция сәтті аяқталды.
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Салават Мұхамбетов те түнгі уақытта балконнан құлау қаупі төнген азаматты дер кезінде құтқарып, қайғылы жағдайдың алдын алды. Оның кәсіби дайындығы мен батыл шешімі шешуші рөл атқарды.
Сондай-ақ, мұз үстінде балық аулап отырған 59 жастағы азамат екі ойыққа қолы қысылып қалып, өздігінен шыға алмай қалған. Патрульдік полиция қызметкерлері Кенжебек Әлібаев пен Олжас Бортай жедел жетіп, оны қауіпсіз жерге шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Полиция қызметкерлері әрбір оқиғада қырағылық, сабырлылық және кәсіби шеберлік танытып, адам өмірін сақтау – басты міндет екенін тағы да дәлелдеді. Жедел қызметтердің үйлесімді жұмысы мен азаматтық жауапкершілігі көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді.
