Талант пен тәртіпті ұштастырған тәртіп сақшысы
Талант пен тәртіпті ұштастырған тәртіп сақшысы өмір жолы жайында баяндап берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкері десе, көпшіліктің ойына ең алдымен тәртіп, жауапкершілік пен қатаң талап келеді. Алайда погонның ар жағында өнер мен руханиятқа жақын, шығармашылықты жанына серік еткен жандардың да бар екенін кейде аңғармай жатамыз.
Жамбыл облысы полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының идеология тобының аға инспекторы Аманжол Рысбеков – сондай азаматтардың бірі.
Оның алғашқы таңдауы өнер саласы болған. Алматы қаласындағы П.И. Чайковский атындағы өнер колледжінде эстрадалық ән мамандығы бойынша білім алған ол кейін М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде заңгерлік мамандығын меңгеріп, өмір жолын полиция қызметімен байланыстырды.
Бүгінде полиция капитаны күнделікті қызметімен қатар ұжымның рухани-мәдени өміріне де белсенді үлес қосып келеді. Түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып, ауқымды жиындарға сценарийлер әзірлейді. Ал бос уақытында өлең жазып, ән шығарумен айналысады.
Аманжол Жұмәділұлы шығармашылық жолындағы ерекше жетістіктерінің бірі ретінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған "МІНДЕТ. АБЫРОЙ. ЕРЛІК" республикалық байқауында II орын алғанын мақтанышпен еске алады. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің республикалық слетінде танымал "Алашұлы" тобымен бірге сахнаға шығып, арнайы жазған авторлық әнін орындауы оның өміріндегі жарқын естеліктің біріне айналды дейді.
Қазіргі таңда оның "Аруым, сен неге мұңайдың?", "Бағаламадың", "Сағындым" секілді ондаған авторлық әні бар. Ақынжанды полицейдің шығармаларында отбасы құндылықтары, достық, адамгершілік, туған жерге деген сүйіспеншілік сияқты көпшілікке жақын тақырыптар көрініс табады.
Аманжол үшін шығармашылық – кәсіби өнерден гөрі өмірінің ажырамас бөлігі. Ол қызметтен кейінгі уақытын мәнді өткізіп, жүрек түкпіріндегі сезімдері мен ойларын ән мен өлең арқылы жеткізуді жөн көреді.
Біз көбіне погон таққан қызметкердің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жауапты міндетіне назар аударамыз. Ал Аманжол Рысбековтің өмір жолына көз жүгіртсек, полиция қызметкері болу – тек заң мен тәртіпті сақтау ғана емес, адамгершілік қасиеттерді жоғалтпай, жүректегі ізгілік пен өнерді қатал тәртіппен үйлестіруге болатынын дәлелдейді.
