Жамбыл облысында үздік полиция қызметкерлері марапатталды
Жамбыл облысында үздік полиция қызметкерлері марапатталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Жамбыл облысында салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын алдында полиция қызметкерлері Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған әріптестерінің рухына тағзым етті.
Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, құқық қорғау органдарының басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция қызметкерлері және қаза болған полицейлердің отбасы мүшелері қатысты.
Іс-шара барысында ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың құттықтау жеделхаты оқылып, облыс әкімі Е.Қарашөкеев пен полиция департаментінің бастығы Қ.Сұлтанбаев жеке құрамды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 34 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Жамбыл облысында 74 полиция қызметкері қызметтік міндетін орындау барысында қаза тауып, ерлік пен адалдықтың үлгісін көрсетті. Сонымен қатар ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарған 70-ке жуық қызметкер мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Атаулы күні қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде жоғары нәтиже көрсеткен бірқатар қызметкерлер ведомстволық марапаттармен, медальдармен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Сондай-ақ қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмған полиция қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне алғыс білдіріліп, құрмет көрсетілді.
Мерекелік шарада өнер жұлдыздары әннен шашу шашып, Ержан Мұсылманқұлов департаменттің “Арлан” вокалдық-аспаптық ансамблінің сүйемелдеуімен “Қаза болған жігіттерге” әнін орындап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Іс-шара өнерлі полицейлердің орындауындағы “Парасатты полицей” әнімен қорытындыланды.
