Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҰОС және ІІО ардагері өмірдің басты құндылықтары туралы айтты

Тараздық Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органдарының ардагері майдан, қызмет және өмірдің басты құндылықтары туралы әңгімеледі, — деп хабарлайды Polisia.kz.

10 шілде күні ардагер Иван Федорович Макеев 99 жасқа толады. Оның ғасырға жуық ғұмырына сұрапыл соғыс, ішкі істер жүйесіндегі ұзақ жылдық қызмет және тұтас бір дәуірдің тарихы сыйып тұр.

Бүгінде Иван Федорович Тараз қаласында тұрады. Жасы тоқсаннан асса да, жады сергек, өмірге деген қызығушылығы жоғары және өткен күндер туралы естеліктерімен бөлісуге әрдайым дайын.

Қазақстан полициясы күні қарсаңында біз ардагермен кездесіп, соғыс жылдары, қызмет жолы және адамға ауыр сынақтардан кейін де рухани мықты болып қалуға көмектесетін құндылықтар туралы сұхбаттастық.

– Иван Федорович, жастық шағыңыз қалай өтті?

– Соғыс басталғанда мен небәрі он төрт жаста едім. Сол кездегі көптеген бозбалалар сияқты мен де майданға баруды армандадым. Оның үстіне ағаларым соғыста жүрген болатын. Барлығымызды біріктірген бір ғана мақсат болды – Отанға жауды жеңуге көмектесу.

– Әскер қатарына қашан шақырылдыңыз?

– 1944 жылдың қараша айында, он жеті жасқа толған кезде әскерге алындым. Алдымен мергендер мектебінде оқыдым. Кейін бізді Жапонияға қарсы әскери іс-қимылдарға дайындық жүріп жатқан елдің шығыс шекараларына жіберді.

– Қай жерлерде соғыс әрекеттеріне қатыстыңыз?

– Біздің бөлімше Моңғолия мен Қытай аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысты. Харбин мен Мукден бағыттарында соғыстық. Ол өте ауыр шайқастар болды. Қиындық көп кездесті, бірақ алдымызға қойылған міндеттерді орындадық.

– Өміріңізге қауіп төнген сәттер болды ма?

– Соғыста ондай жағдайларсыз болмайды. Жарақат алдым, бірақ аман қалдым. Ал көптеген майдандастарым туған жерге оралмады. Сондықтан Жеңіс күні мен үшін әрдайым ерекше мереке. Бұл – болашақ ұрпақтың жарқын өмірі үшін жанын қиған боздақтарды еске алу күні.

– Соғыс аяқталған соң бірден елге оралдыңыз ба?

– Жоқ. Соғыс аяқталғаннан кейін де Қиыр Шығыстағы Находка қаласында қызметімді жалғастырдым. Тек 1951 жылы ғана әскер қатарынан босатылдым.

– Ішкі істер органдарындағы қызметті таңдауыңызға не себеп болды?

– Халыққа және мемлекетке қызмет етуді жалғастырғым келді. 1953 жылы КСРО ІІМ-нің Могилев арнайы орта транспорт милициясы мектебіне оқуға түстім. Оны тәмамдаған соң Жамбыл станциясындағы желілік ішкі істер бөліміне қызметке жіберілдім.

– Қызметке қанша жыл арнадыңыз?

– Отыз жылдан астам уақыт қызмет еттім. Алғашында жедел қызметкер болдым, кейін басшылық лауазымдарда еңбек еттім. Зейнетке подполковник шенінде шықтым.

Қызмет жылдарында Иван Федорович әріптестері арасында адал, принципшіл әрі талапшыл басшы ретінде үлкен құрметке ие болды. Кейін оның ішкі істер органдарының дамуына қосқан үлесі ерекше бағаланып, Жеңіс күні қарсаңында оған полиция полковнигі атағы берілді. Тиісті бұйрыққа Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі қол қойған.

– Полиция қызметкерінің ең басты қасиеті қандай деп есептейсіз?

– Адалдық. Адам өз міндетін адал атқарып, халық үшін қызмет етіп жүргенін ұмытпауы керек. Егер адамның ар-ожданы мен жауапкершілігі болса, қалғанының бәрін үйренуге болады.

– Отбасылық өміріңіз қалай қалыптасты?

– Жұбайым Мария Афанасьевна екеуміз екі бала тәрбиелеп өсірдік. Қазір немерелерім мен шөберелерім бар. Бұл – менің ең үлкен байлығым.

Бүгінде ардагердің жанында қызы Ольга Ивановна бар. Ол әкесіне қамқорлық танытып, бар жағдайын жасап келеді. Ал ұлы өмірін теңізбен байланыстырып, алыс жүзу капитаны атанған.

– Ұзақ жасаудың сыры неде деп ойлайсыз?

– Әрдайым адам болып қалу керек шығар. Еңбек ету, өмірге шағымданбау және әр күннің қадірін білу маңызды. Менің өмірім оңай болған жоқ. Дегенмен өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Соғыстан аман оралдым, отбасы құрдым, адал еңбек еттім және бүгін ұрпағымның өсіп-өркендеп жатқанын көріп отырмын.

– Жастарға қандай тілек айтар едіңіз?

– Отанды сүюді, үлкендерді құрметтеуді және бейбітшілікті бағалауды тілеймін. Біз бейбіт өмірдің қадірін тым жақсы білеміз.

Иван Федорович Макеев 1927 жылдың 10 шілдесінде дүниеге келген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру