Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Аналық міндет, музыка және қызмет — полиция сержанты Зухра Әшімованың бақыт формуласы

Кәсіби мерекені полиция қызметкері Зухра Әшімова тәуліктік кезекшілікте қарсы алды. Ол "102" арнасына келіп түсетін қоңырауларды қабылдап, полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуі үшін қажетті ақпаратты жинайды. Бос уақытында төрт баласының жағдайын сұрап, үйіне хабарласып тұрады. Олармен тек келесі күні, таңғы сағат 08:00-де ауысымын тапсырғаннан кейін ғана қауышады. Полицейдің қызметтегі бір күні туралы толығырақ Polisia.kz сайты баяндайды.

Дегенмен, Қазақстан полициясы күні – ерекше мереке. Осы күні Петропавл қаласының Бас алаңында өтетін мерекелік концертте хор құрамында өнер көрсету үшін басшылық Зухраға қызмет орнынан уақытша босауға рұқсат берді.

Зухра полиция қызметіне 2023 жылы келген. Еңбек жолын уақытша ұстау изоляторында бастаған. Оның айтуынша, бұл қызмет психологиялық тұрғыдан оңай болған жоқ. Алайда ол өз таңдауынан бас тартпады.

- Балаларым анасының мықты, алдына қойған мақсатына жете алатын адам ретінде көргенін қалаймын, оларға үлгі болғым келеді. Сондықтан маған жүктелген міндеттерді барынша жауапкершілікпен атқаруға тырыстым, - дейді ол.

Жас қызметкердің кәсібилігі бағаланып, кейін ол жедел басқару орталығында "102" арнасының операторы қызметіне ауыстырылды. Бұл жұмыста ұқыптылық, дәлдік және жағдайды жылдам бағалап, дұрыс бағдар беру ерекше маңызды.

Әрбір келіп түскен қоңыраудың артында адам тағдыры тұр. Зухраның есінде қалған оқиғалардың бірі үйінен кетіп қалып, байланысқа шықпай қойған кәмелетке толмаған қызды іздеумен байланысты болды. Ол тек ақпаратты кезекші жасаққа жеткізумен шектелмей, алаңдаған ананың нөміріне өзі де хабарласып, жасөспіріммен байланыс орната алған. Соның нәтижесінде полицейлер қызды қысқа уақыт ішінде үйіне қайтарды.

- Осындай сәттерде мамандық таңдаудан қателеспегенімді ерекше сезінемін, — дейді Зухра.

Үйде ол – қамқор ана. Өміріндегі ең басты жетістігі – отбасы екенін айтады. Соған қарамастан, қызмет пен отбасылық міндеттердің арасында өзінің сүйікті ісіне де уақыт табады.

Зухра бала кезінен вокалмен айналысады және шығармашылыққа деген қызығушылығын бүгінге дейін сақтап келеді. Ән айту оған қарбалас жұмыстан кейін күш-қуат жинауға көмектеседі. Жақында ол "102" операторы қызметіне арналған авторлық ән жазып, онда өз жұмысына қатысты ой-толғамдарын жеткізді.

Кәсіби мереке қарсаңында Зухра әріптестеріне: "Ауысымдарыңыз тыныш өтсін, төзімділік пен кәсібилік, сондай-ақ қызмет, отбасы және өзін-өзі дамыту арасындағы тепе-теңдікті сақтай білулеріңізді тілеймін. Бұл – еңбек жолындағы ең сенімді бақыт формуласы", — деген ізгі тілегін жолдады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру